Саусаққа қарап, махаббаттағы қарым қатынасыңызды таныңыз
Суретте көрсетілген бейнелер мен сызықтар бойынша, өзіңіздің махаббаттағы бейнеңізді танып көріңіз.
Егер «кішкене бөбек» аталатын саусағыңыздың ұзындығы «шылдыр шүмек» саусағыңыздың бірінші буынымен тең болса, бұл өте жақсы нышан. Сіз ер болсаңыз, әйелмен, әйел болсаңыз, ермен қарым қатынас жасаудың шеберісіз.
Бойыңызда сөзбен түсіндіре алмайтын тылсым күш, жұмбақ тартымдылық бар. Бұл тартылыс алыстан сезіледі. Сізді бір көрген жан жаныңыздан екінші рет бұрылып қарамай өтпейді және ол адам сізбен қалай тез араласып кеткенін өзі де білмей қалады. Ішкі түйсігіңізге сеніп, әрдайым жадырап күліп жүрсеңіз, бәрі сіз ойлағандай болады.
Егер кішкене саусағыңыз жанындағы саусақтың сызығынан асатын болса, серігіңіздің жолы болды дей беріңіз. Сізден артық адал әрі сенімді жолдас таппайды. Қулықпен жол табуды білмейсіз. Бірақ қалаған кезіңізде сүйкімді де әсерлі бола аласыз.
Кез келгеннің қызғанышын туғызып, жарыңыздың жанында тым тартымды боласыз. Сезіміңізді өте шынайы білдіресіз. Туабітті мейірімділігіңіз бен өмірсүйгіштігіңіз адамды магнитше тартады. Жаныңыздан шуақ шашып, кез келген жанды шапағатыңызға бөлеп, жылыта аласыз. Бірақ кейде адамдар сіздің бұл қасиетіңізді жасандылыққа балап, шынайылығыңызға сенбеуі мүмкін. Сондықтан «бір көрген білісте» аздаған қиындық туындауы мүмкін. Бірақ одан қорқудың қажеті жоқ. Таңдаулыңыздың көзіне тура қараңыз, ары қарай не істеу керегін таңғажайып түйсігіңіз айтып береді.
Кішкене саусағыңыз «шылдыр шүмектің» сызығына жетпейтін болса, махаббатта аса талапшыл жан екеніңізді көрсетеді. Әрдайым дегеніңіз болғанын қалайсыз. Адамдармен таңдап араласасыз, көңіліңізге жақпаған жаннан бірден бойды аулақ ұстайсыз. Бұл сіздің кемшілігіңіз, бір жағынан жоғары жетістігіңіз деуге болады. Өзіңізге не қажет екенін анық білесіз, басқа маңызы жоқ істерге уақыт жоғалтып, бас қатырмайсыз.
Егер «өз адамыңызды» кездестірсеңіз, оны алғашқы секундта-ақ танисыз. Сіздің мінез-құлқыңызды қарапайым деуге келмейді. Ерекше әрі бірегейлігіңізден сырт көз жұмбақтық көреді. Тартымдылығыңыз бен жұмбақтығыңыз қосылып, кез келгеннің есін алады. Көңілге қонымды серіктесіңізді алғашқы кездесуден-ақ баурап аласыз. Ал жаныңызға жақпай қалса, босқа үміттендірмей, бірден алыстан араласасыз.
Бұл жазылғандар психологтар мен ғалымдардың зерттеуі бойынша шығарылған тұжырым ғана. Өзіңізге сәйкес келсе, оқып жай ғана жымиыңыз. Сәйкес келмесе, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиреніңіз.